2023 жылдың 20 наурызында Алматы ауыр машина жасау зауыты дәстүрлі түрде Наурыз мерекесін бүкіл еңбек ұжымымен атап өтті.

 Таңертең ауысымға асыққан зауыт жұмысшыларын орталық дәліздің жанында екі ақ киіз үй мен әдемі алтыбақан түрінде тосын сый күтіп тұрды, ал жұмыс күнінен кейін сол жерде мереке атап өтілді.

 Дәстүр мен әдет-ғұрыпты сақтай отырып, мерекені зауыт ардагері, металлургиялық цехтың бұрынғы бастығы, аты аңызға айналған Қазақстан Республикасының құрметті металлургі Сүлейменов А.А.-ның шәкірті – Үсімбаев Алдаберге ақсақал ашты.

 Зауыт жұмыскерлері мен олардың отбасы мүшелерін «ААМЖЗ»АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы П.С.Садықов пен бас директор М.А. Қанатбаев, кәсіподақ төрағасы Е.К.Тулемисов құттықтап, мереке қарсаңында зауыт жұмысшылары арасында өткен спартакиада жеңімпаздарын марапаттады.

 Зауыт мерекесінде дәстүрлі Наурыз көже, шұбат, бауырсақ, тәтті тағамдардан дәм татып, мереке өтетін жерде орнатылған қазанда палау пісірілді. Мерекеде зауыт жұмысшыларын АЭжБУ студенттері билерімен қарсы алса, зауыт жұмысшылары мен олардың отбасы мүшелері ән шырқады. Мерекеде арқан тартыс, асық, ләңгі жарыстары өтті.